Былшық би туралы жазба дерек жоқ. Тек қана халық аузындағы белгілі сөздерін жинап, оның ұлағатты ғұмырын кейінгі ұрпаққа қалдыруға болады.
Кесененің биіктігі 9 метр. Жоғары бөлігі күмбезделіп жасалған. Төрінде бидің мүсіні орналасқан. Кесененің айналасы биіктігі бір метр болатын қоршаумен қоршалған. Қоршаудың ені 15 метр, ұзындығы 25 метрді құрайды.
Былшық бидің азан шақырып қойған есімі – Құтаяқ. Былшық би қазақтың шежіресін, дала билігінің ұлы дәстүрін жетік білген кісі. Дәсүрлі жәрмеңкелер мен айтулы алқалы жиындар Былшық бисіз тарамаған, дауы шешілмеген. Соңғы өткен Байғабылдың, Орманның ұлан асыр асында Былшық би төрелік жасаған. Сол кездегі Орынбордың генерал губернаторы Лев Балюзек 1886 жылы 28 жастағы Былшық биге «Известный народный Мудрец» деген баға берген.
Қалың елге шын мәнінде пана бола білген, қиын кезеңдерде әлсізді демеп, жылаулының жасын сүрткен, әділдік пен парасат жолынан таймаған дегдар тұлға 1928 жылы халық жауы ретінде ұсталып, 1933 жылы Ақтөбе түрмесінде қайтыс болады.
Ол – ұрпаққа, күллі қазақ ұлтына ар-намыстың, адамгершіліктің, парасаттылық пен ізгіліктің озық үлгісі ретінде қазақ халқының санасында мәңгі жасайтындардың бірі.