НҰР ҒАСЫР МЕШІТІ
Нұр Ғасыр мешіті — Ақтөбе қаласында орналасқан Орталық Облыстық мешіт. Мешіттің құрылысы 2006 жылдың сәуірінен басталып, 2008 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Сол жылы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тұсауын кесуімен қатарға қосылды.«Нұр ғасыр» мешіті төрт қабатты. Бірінші қабатында асхана, ер және әйел кісілерге арналған таһарат, медресе жатақханалары; екінші қабатта мешіт имамдары, медресе дәрісханалары, кітапхана, компьютер бөлмесі, неке залы және Құран оқылатын бөлме; үшінші қабатта ер кісілердің намаз залы, ал төртінші қабатта әйелдердің намаз залы орналасқан. Намаз залдарына 1 180 шаршы метр кілем төселген. Олар Түркиядан әкелінген. Мешіттің негізгі күмбезінің биіктігі 40, ені 20, ішкі кеңістігі 500 шаршы метр. Күмбез биіктігінің 40 метр болуы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) 40 жасында пайғамбарлық берілген дегенді білдіреді. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Әрбір мұнараның биіктігі 63 метрден. Бұл пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дүниеден өткен жасын білдіреді. Мұнаралардың төртеу болуы, Алла тағала тарапынан түсірілген төрт үлкен кітап саны және төрт мәзһабтың бірлігі. Мешіттің негізгі күмбезімен бірге төрт мұнара басында төрт кіші күмбез бен айшықтар орналасқан. Барлығы бес күмбез бен бес айшық. Бұл ишара Исламның негізгі бес парызын меңзейді. Мешіт күмбездері мен айшықтары алтынмен қапталған. Мешіт мінбері ақ және жасыл түсті мәрмәрдан салынып, үстіне орналастырылған кішігірім күмбез бен айшық да алтынмен апталған.
Made on
Tilda