Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы аумағында. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 400 км-ге созылып жатыр. Ені 200 км-дей. Орташа биіктігі 300 м, ең биік жері – Үлкен Бақтыбай тауы (657 м).Солтүстігінде жіңішке бұйрат түрінде басталып, әрі қарай бір-біріне жарыса орналасқан екі қатар тізбекке бөлінеді. Олардың арасын беті сәл белесті ойыс бөледі . Жоталар кей жерлерде бір-бірімен төбелер жүйесі арқылы жалғасады. Аралық өңірде девон мен тас көмір дәуірінің құмтас пен әктас жыныстары таралған. Жоталар кембрийге дейінгі және палеозойлық кварцит, кристалдық тақтатас, гнейс, гранит, т.б. жыныстардан құралған.Мұғалжар тауының баурайындағы құмдарда акуланың тістері өте көп деңгейде көмілген. Ал құмдақтарда ағаш жапырақтардың белгілері мен малюска бақалшығы табылды. Жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің дәл осындай қалдықтары Ембі мен оның саласы Құндыздыда да кездесті. Бұл-Мұғалжар тауының етегінде палеоцен және эоценнің бірінші жартысында тұңғиығында малюскалар мен акулалар өмір сүрген ашық теңіз болғанын айғақтайды. Ал теңіз жағасы субтропикалық мәңгі жасыл үлкен жапырақты орманмен көмкеріліп жатқан. Желмен ұшқан жапырақтар теңізге түсіп, құмда көміліп қалып, біздің кезеңге өткеннің белгісі іспетті жетті. Кейінгі эоценда Ор-Елек биіктігі мен Мұғалжардан батысқа қарай жатқан аймақта теңіз тартылады.