Қобыланды Батыр мемориалдық кешені-Бұл кешен Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Жиренқопа ауылында орналасқан. XXI ғасырға дейін ауыз әдебиетінің ғана кейіпкері болып келген тарихи тұлғаны ғасырлар қойнауынан алып шығып, қаһарман ерліктің үлгісі ретінде көрсету тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды. Ал тәуелсіздіктің қайнар көзі қазақ халқының ғасырларға созылған күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында екенін ешкім жоққа шығармас. Әлемде эпостық жырлар тудырған санаулы ұлттар бар. Солардың бірі - қазақ халқы. Қазақта 400-ге жуық эпостық жыр бар. Соның ішінде ең көп тарағаны, мазмұны мен көлемі жағынан шұрайлысы - «Қобыланды батыр» жыры. Жырдың 29 нұсқасы бар. Орынбордың Тұзтөбесінде «Қобыланды төбесі» деген төбе бар. Жырда кездесетін Қобда, Жиренкөл, Бесоба, Жиренқопа, Ешкіқырған секілді жер аттары Қобда ауданында әлі күнге сол қалпында сақталған. Профессор Абат Пангереев Жиренқопадан 25-30 шақырым жерде, қазіргі БҚО Аққұм елді мекенінде «Алшағыр» атты қаланың орны болғаны туралы дерек келтіреді.