ӘБУӘКІР КЕРДЕРІНІҢ КЕСЕНЕСІ
Жоспары алты қырлы центрлік бір камералы күмбезді мавзолей. Ақ түсті силикат кірпішпен қызыл кірпіштің комбинациясымен салынған. Алты қыры қамал мұнарасы секілді тұрғызылып, пирамида пішінді декоративті металмен тұйықталған. Күмбез үстіне айшық орнатылған. Мавзолейдің ұзындығы – 3,95 м., ені – 3,6 м., биіктігі – 6,5 м.ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі – Әбубәкір Боранқұлұлы. Оны көптеген ақын үлгі тұтты, ұстазы санады. Даңқы қазақ жерінен әрі асып, Орталық Азия елдеріне жетті.
Ақын Тұзтөбеде, Орал, Орск, Орынбор, Ақтөбе маңындағы елдерде бала оқытады. Аса білімдар, саясатқа жетік, сол кездегі өмір ағымын жіті меңгерген Әбубәкірдің өлеңдері төрт аяғын тең басқан жорғадай болғандықтан халықтың көңілінен шығып жатты. Ел жұрты оны мақтан тұтып, айрықша құрметке бөлейді. Ақынның өлеңдері Қазан төңкерісіне дейін 1903 және 1905 жылдары Қазан қаласында екі рет кітап түрінде басылып шықты. Алайда Кеңес өкіметінің тиым салуы себепті тәуелсіздік алғанға дейін оның есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіншілік болмады. Жалғыз Әбубәкір емес, «зар заман» ақындарының жолы қазақтың бұрын-соңғы ақындарымен салыстырғанда тым ауыр болғаны көпшілікке аян.
Әбубәкір мұрасының жанры сан алуан, онда толғау, арнау, жоқтау, төкпе айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, сықақ-эпиграмма, мадақ, саяси-әлеуметтік, философиялық жырлар, көңіл-күй лирикалы, шежіре жыр, дін мәселелеріне арналған өлеңдер бар.
Made on
Tilda