НҰРПЕЙІС БАЙҒАНИН
Өмірін халқына қызмет етумен өткізген Нұрпейіс Байғанин XIX ғасырдың екінші жартысында, 1860 жылы Орал губерниясы, Темір уезінде (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы, "Байғанин" колхозында) Байғана деген кедейдің отбасында дүниеге келген.Нұрпейіс Байғаниннің балалық шағынан бастап, ел ағасы болып елу жастан асқанға дейінгі басынан өткізген өмірі сол кездегі көп кедей қауымның өмірінен өзгешелігі жоқ. Ақынның әкесі Байғана бала-шағасының күн көрісі үшін жасынан Атырау деген жердегі Барсай, Досжан деген ірі байлардың қойын бағады, жиырма бес жасында Арқаның қысқы боранында қой соңында жүріп екі аяғынан айрылып "тобан аяқ Байғана" атанады. Анасы Үміт өте ажарлы әрі әнші, домбырашы болған. Бала Нұрпейіс ертелі-кеш қой соңынан шаршап келгенінде анасының әнімен ұйықтайды, анасы тартқан домбыраның әсерлі сазына құмартады. 16-17 жастар шамасында Нұрпейіске "бала жыршы" деген атақ ереді. Әуелде өз өнеріне онша мән бермей жүрген талапты жас, кейін өлең-жырды жұрт ықыласпен тыңдайтынын байқайды. Көпшіліктің бұл сенімі оны реті келген жерде ақындармен айтысқа түсуге де бекіндіреді.Нұрпейіс Байғанин әрі ақын, әрі қоғам қайраткері. Ол өзінің ақындық өнерін қоғам өмірімен әр уақыт тығыз байланыстырып отырды. 1941 жылы 22 шілдеде бүкіл кеңес халқы "бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып" өзінің сүйікті Отанын шетел басқыншыларынан қорғап қалу жолына аттанып жатқанда сексен жастан асқан Нұрпейіс өткір де өжет "өлең-жырларын – зеңбірек, оқ" етіп, "домбырасын – винтовка" етіп майдан үшін, жеңіс үшін жауға қарсы жорыққа шықты. Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап ол өзінің жалынды сөздерін жауға оқ етіп атып, халық арасында үгіт-насихат жұмысын атқарды. "Қазақстан – майданға", "Қаналының қасқыр ішігі", "Ер қамын ел ойлайды", т.б. толып жатқан жырларында ақын халықтың қажырлы еңбегін, майданға деген көмек жәрдемін жырлайды.Нұрпейіс Байғанин шығармашылығы жан-жақты. Оның басқа ақын, жыршылардан айрықша көзге түсетін бір ерекшелігі – ол әрі асқан шебер жырау-орындаушы да, әрі талантты үлкен импровизатор-эпик ақын. Сөйтіп ақынның ерлікті, батырлықты толғауы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі халықтың қаһармандық қимылын бейнелеуімен ұштасты және осы тұста эпик ақынның анық ақындық өнері биік шеберлік шыңына көтерілді.
Made on
Tilda