АХМЕТ ЖҰБАНОВ
Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында Ақжар деген жерде дүниеге келген. Ахметтің әкесі Қуан балаларын оқытуды армандайды, осы ниетпен Темір уезіне берілген екі мектептің бірін өз ауылында ашқызады.1911 жылы Темір уезінде екі орыс мектебі ашылды. Сол жылы оқу бітірген Құсайын есімді мұғалім уезге келеді. Ол Ахмет Жұбановтың үйінде жатады. Құсайын домбыра мен скрипка, мондолин тартады, аздап нотадан да хабары болған. Осы аспаптың қайсысында ойнаса да, Ахмет Жұбанов жанынан табылған. Бес жастан асқан Ахмет сол аспаптың бәрінде ойнап кетеді. Дирижер өз естеліктерінде мектептегі ұстазының музыкаға деген ұмтылысын арттырғанын айтады.1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.Ахмет Жұбанов 1936 жылы "Халық композиторлары. Құрманғазы", 1942 жылы "Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы" атты кітаптарын жазды.Ахмет Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Латиф Хамидимен бірлесіп жазған "Абай" (1944 жылы) және "Төлеген Тоқтаров" (1947 жылы) опералары, қызы Ғазиза Жұбанова аяқтаған "Құрманғазы" (1970 жылы) операсы.Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбысты фильм "Амангелді" фильміне Михаил Гнесин мен Ахмет Жұбанов музыкасын жазды.Ахмет Жұбанов 1968 жылы Алматыда 62 жасында дүниеден өтті.
Made on
Tilda